Қазіргі қоғамда азаматтардың құқықтық сауатын ашу, тұрақтылықты сақтау және халықты түрлі деструктивті ағымдардан қорғау мәселесі аса маңызды. Әсіресе, күйбең тіршілікпен жүрген базар жұмысшылары, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен жастардың, мәдениет және спорт саласы өкілдерінің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру ерекше назарды талап етеді. Осы бағытта 28 шілде күні Қарасай ауданының Қаскелең қаласы мен Шамалған, Қырғауылды ауылдарында түрлі мақсатты топтармен арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қаскелең қаласындағы «Бірлік» және «Гүлсім» базарларында, аудандық орталық кітапханада, тарихи-өлкетану музейінде және Жастар ресурстық орталығында пробациядағы азаматтар, мәдениет қызметкерлері, жастар және өзін-өзі қамтыған тұрғындармен мазмұнды кездесулер өтті. Бұл басқосуларда дінтанушы, АТТ мүшесі Шағырбай Алмасбек Дүйсенбекұлы қатысушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру және радикалды идеологияға тартылу қаупінің алдын алу жолдарын жан-жақты түсіндірді. Дінтанушы қоғамда болып жатқан түрлі жағдайларға тоқталып, жат ағымдардың адам санасына қалай әсер ететінін және одан қалай сақтану керектігін нақты әрі қарапайым мысалдармен жеткізді.
Кездесулердегі тағы бір маңызды бағыт діни сауаттылық пен ұлтаралық татулық мәселесі болды. Мәдениет саласының өкілі, АТТ мүшесі Қабылбек Марат Еримаұлының жетекшілігімен Қаскелеңдегі «Жақсылық» және «Барыс» базарларында, сондай-ақ «Хамле Компани ЛТД» шетел кәсіпорнында өзге этнос өкілдерімен этносаралық келісім, толеранттылық және экстремизмнің алдын алу тақырыптары төңірегінде келелі ой қозғалды. Ал Қырғауылды ауылындағы «Халифа Қажы Алтай» мешітінде діндар әйелдермен деструктивті діни ықпалдан қорғану жолдары талқыланса, Шамалғандағы «Үшқоңыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде спортшылар мен жаттықтырушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Түрлі этностар мен топтар арасындағы ауызбіршілікті нығайтудың кез келген сыртқы теріс ықпалға мықты тосқауыл бола алатыны айтылды.
Мемлекеттің дін және қоғамдық келісім саласындағы саясатын жүзеге асыруға бағытталған бұндай маңызды іс-шаралар ағымдағы жыл бойы жалғасын табады және барлық мақсатты топтарды қамтитын болады.