Қазіргі қоғамда азаматтардың құқықтық сауатын ашу, тұрақтылықты сақтау және халықты түрлі деструктивті ағымдардан қорғау мәселесі аса маңызды. Әсіресе, күйбең тіршілікпен жүрген базар жұмысшылары мен жұмыссыз азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру ерекше назарды талап етеді. Осы бағытта 23 маусым күні Бәйтерек ауылы мен Есік қаласында түрлі мақсатты топтармен арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бәйтерек ауылындағы «Тұмар» базары мен «Жұмыссыздар алаңында», сондай-ақ Есік қаласындағы «Тоқжан», «Автобөлшектер» және «Зуля» базарларында ұйымдастырылған жиындарда өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтармен мазмұнды кездесулер өтті. Бұл басқосуларда
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы, дінтанушы Елнар Берікбаев қатысушыларға құқықтық сауаттылықты арттыру және радикалды идеологияға тартылу қаупінің алдын алу жолдарын жан-жақты түсіндірді. Дінтанушы қоғамда болып жатқан түрлі жағдайларға тоқталып, жат ағымдардың адам санасына қалай әсер ететінін және одан қалай сақтану керектігін нақты әрі қарапайым мысалдармен жеткізді.
Кездесулердегі тағы бір маңызды бағыт діни сауаттылық пен ұлтаралық татулық мәселесі болды. Есік қаласындағы «Ратбек қажы» қайырымдылық мекемесінде діндар әйелдер қауымымен кездесу өтіп, деструктивті діни ықпалдан қорғану жолдары талқыланды. Ал Т. Молдағалиев атындағы мәдениет үйінде өзге этнос өкілдері жиналып, этносаралық келісім, толеранттылық және экстремизмнің алдын алу тақырыптары төңірегінде келелі ой қозғалды. Түрлі этностар арасындағы ауызбіршілікті нығайтудың кез келген сыртқы теріс ықпалға мықты тосқауыл бола алатыны айтылды.
Шараға қатысушылар: «Күнделікті жұмыспен жүріп, көптеген құқықтық мәселелерге немесе айналамыздағы ақпараттық қауіптерге мән бере бермейміз. Бүгінгі кездесуде білікті мамандар мен дінтанушылардан көптеген пайдалы ақпарат алдық. Әсіресе, теріс пиғылды ағымдардан сақтану және заң аясында өз құқығымызды білу, оны отбасымызға дұрыс жеткізу өте маңызды екенін түсіндік. Бұл біздің ортақ қауіпсіздігіміз үшін қажет», — деп өз түйген ойларымен бөлісті.
Мемлекеттің дін және қоғамдық келісім саласындағы саясатын жүзеге асыруға бағытталған бұндай маңызды іс-шаралар ағымдағы жыл бойы жалғасын табады және барлық мақсатты топтарды қамтитын болады.