Ағымдағы жылғы 30 маусым күні Алматы облысы Діни бірлестіктер көшбасшылары клубы мүшелерінің «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағына кіретін «Алма-Арасан» шатқалындағы достық серуені ұйымдастырылды. Клуб мүшелері жиі бас қосатын кезекті мәдени-танымдық іс-шараға исламдық, православтық, католиктік, елуіншілік, баптистік, лютерандық және кришнаиттік діни бірлестік басшылары мен жамағаты қатысып, бірлесе шатқал бойындағы табиғатты тамашалады.
Ауа-райының күрт өзгеруіне қарамастан қатысушылар керемет көңіл күймен және достық атмосферасында бірлесе уақыт өткізді.
Серуеннен кейін клуб мүшелері арнайы жайылған ақ дастарханда бас қосып, дінаралық татулықты сақтауға қатысты өз ойларымен бөлісті. Одан бөлек, өз жамағаттары арасында конфессияаралық келісімнің құндылығы мен маңыздылығы жайлы насихаттайтынын атап өтті.
Діни көзқарастың әралуандылығына қарамастан, клуб мүшелері бір-бірімен дос болуға және өзара сыйластықты сақтауға болатынын тағы да дәлелдеді.
