Қазіргі қоғамда тұрақтылықты сақтау және халықты түрлі теріс діни ағымдардың ықпалынан қорғау мәселесі өзекті болып отыр. Ақпараттық кеңістікте және күнделікті өмірде таралатын жалған идеологияларға қарсы тұру үшін әрбір азаматтың, түрлі кәсіп иелерінің діни сауаты болуы қажет. Осы бағытта Іле ауданына қарасты бірқатар елді мекендерде тұрғындармен және түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іле ауданының Әли, Байсерке, Өтеген батыр және Боралдай ауылдарындағы түрлі алаңдарда – сауда орындарында, такси тұрағында, мәдениет үйі мен мекемелерде, сондай-ақ мешітте ұйымдастырылған жиындарда тарихшы, АТТ мүшесі Азамат Есельбаев діни сауаттылықты арттыру және деструктивті ағымдардың алдын алу жолдарын түсіндірді. Тарихшы қоғамдағы діни ахуалға тоқталып, жат ағымдардың адам санасына, оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен қарапайым жұмысшыларға қалай әсер ететінін нақты мысалдармен жеткізді.
Кездесулердегі негізгі тақырыптардың бірі – қоғамдық орындардағы және еңбек ұжымдарындағы идеологиялық иммунитет болды. Көп жағдайда деструктивті ағымдар өз идеяларын күнделікті өмірде, базарлар мен адам көп жиналатын орындарда тарататыны жасырын емес. Сондықтан, жұмыссыз азаматтар, такси жүргізушілері, мәдениет саласының қызметкерлері мен әлеуметтік осал топтардың ақпараттық қауіпсіздігі бірінші кезекте тұруы тиіс екені айтылды. Дұрыс діни таным мен дәстүрлі құндылықтар кез келген сыртқы теріс ықпалға тосқауыл бола алатыны түсіндірілді.
Шараға қатысушылар: «Қазіргі уақытта кімнің қандай уағыз айтып, қандай бағытқа шақырып жатқанын ажырату кейде қиынға соғады. Әсіресе, базарда немесе интернетте жүрген түрлі күмәнді ақпараттарға ермеуіміз керек екен. Өзімізді және отбасымызды жат ағымдардан қорғау үшін тек ресми діни көздерге сүйеніп, радикалды топтардан аулақ болуымыз қажет екенін тереңірек түсіндік», — деп өз түйген ойларымен бөлісті.
Мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыруға бағытталған бұндай іс-шаралар ағымдағы жыл бойы жалғасын табады және барлық мақсатты топтарды қамтитын болады.